Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес

 


 

Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтары жүйесінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) бастамасын жүзеге асыру айрықша орын алады.

Қазіргі уақытта АӨСШК-ге мына 26 мемлекет мүше: Ауғанстан,Әзербайжан, Бахрейн, Бангладеш, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Египет, Израиль, Ирак, Иран, Иордания Хашимит Корольдігі, Камбоджа, Катар, Корея Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Палестина, Ресей, Таиланд, Тәжікстан, Түркия және Үндістан. Бақылаушы мемлекеттер: АҚШ, Жапония, Индонезия, Малайзия, Украина, Филиппин, Шри-Ланка. Сонымен қатар, АӨСШК-ге мына халықаралық ұйымдар қатысады: БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб Мемлекеттері Лигасы.

АӨСШК-нің іс басындағы қазіргі төрағасы – Қытай Халық Республикасы (2014-2016 ж.). Әкімшілік органы – Қазақстан Республикасы Алматы қаласында орналасқан Хатшылық.

Кеңесті шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария етті. Мемлекет басшысы бастаманың басты мәні әлемнің өзге өңірлерімен салыстырғанда мұндай тетік әлі жасала қоймаған Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді және әмбебап құрылым жасақтау бағытындағы бұрын жүзеге аспаған талпыныстарды қайта жаңғыртуда екенін атап өтті.

Ғаламшардың халық ең көп қоныстанған өңірінде көптеген қақтығыстар мен бірқатар мемлекеттер арасындағы өзара сенімсіздіктің белең алғандығы да жаңадан құрылған мемлекеттің лидері көтерген ұсыныстың өзектілігін қуаттай түсті. Азияда ядролық қарудың таралу үрдісінің, заңсыз көші-қонның қарқын алуы, қоршаған айнала ахуалының күрт нашарлауы, экстремизм мен есірткі саудасы бүкіл әлемдік қоғамдастықтың қаупін оятты.  

Сондықтан АӨСШК-ні шақыру туралы идея бірқатар азиялық мемлекеттерден және БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ (Араб мемлекеттері лигасы) сияқты халықаралық ұйымдардан қолдау тапты.

АӨСШК-нің жаһандық дамудың күрделі жағдайында институционалдық тұрғыда қалыптасуы мен нығаюынан бұрын ұзаққа созылған талқылаулар, пікірталастар, көзқарастардың түйісу нүктесін табу жолындағы қажырлы ізденістер орын алды. Алғашқы кездесу 1993 жылы сәуірде өтті. Екінші басқосу 1993 жылғы тамыз-қыркүйекте, ал үшіншісі 1994 жылы қазанда болды. Үшінші кездесудің нәтижесінде Кеңестің құжаттарын дайындау міндетіне кіретін Арнаулы Жұмыс Тобын құру туралы шешім қабылданды.

Министрлердің 1999 жылы 14 қыркүйекте Алматыда өткен бірінші кездесуінде АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін Қағидаттар декларациясы қабылданды. Ол Азия субконтинентіндегі қауіпсіздіктің жаңа архитектурасының құқықтық базасының бастапқы нұсқасы болатын.

Декларация мен бірінші саммит барысында қабылданған Алматы актісі және АӨСШК жарғысы АӨСШК-нің ең басты құжаттары болып саналады. Бұл құжаттар Кеңес процесінің одан арғы эволюциясы үшін негізгі құжаттарға айналды.

Форумның бірінші саммиті 2002 жылы 4 маусымда өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан басшылары, Әзірбайжан мен Үндістанның премьер-министрлері, Иран, Мысыр (Египет), Палестина және Израильдің өкілетті ресми тұлғалары, бақылаушы мемлекеттер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Әсіресе Палестина және Израильдің өкілдерінің саммитке қатысуы айрықша жетістік болды.

2004 жылы 22 қазанда Сыртқы істер министрлерінің Екінші кездесуі өтті. Оның басты нәтижесі Сенім шаралары каталогының және АӨСШК-нің Екінші Министрлер кездесуінің Процедурасы пен Декларациясы Ережесінің қабылдануы болды.

Каталог шеңберінде сенім шаралары негізгі 5 өлшем бойынша жіктелді:

1. әскери-саяси;

2. жаңа шарттармен және қатерлермен күрес;

3. экономикалық;

4. экологиялық;

5. гуманитарлық.

Барлық сенім шаралары біртіндеп және ерікті түрде жүзеге асыру негізінде қолданылады.

2006 жылы 17 маусымда форумның Екінші Саммиті өтіп, оған төрағалық етуші тараппен қатар, ҚХР, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан көшбасшылары, Таиланд премьер-министрі, сондай-ақ, Түркия, Израиль, Моңғолия, Корея Республикасы, Үндістан, Иран, Палестина және Мысыр мемлекеттері мен үкіметтерінің жоғары лауазымды өкілетті өкілдері қатысты.

Екінші Саммит мүше мемлекеттердің өңірдегі қауіпсіздік шараларын нығайтудағы күш-жігерін одан әрі үйлестіру ісінде, сонымен қатар, тиімді экономикалық ынтымақтастықты жолға қоюда аса маңызды оқиғаға айналды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру жолдары арасында – АӨСШК мемлекеттері мүшесі болып саналатын өзге халықаралық және өңірлік ұйымдармен (БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АСЕАН, АТЭЫ, ЕурАзЭҚ және т.б.) әріптестік қарым-қатынастардың берік желісін қалыптастыру бар.

АӨСШК-ға мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының Үшінші Саммиті 2010 жылы 8 маусымда Ыстамбұл қаласында болды. Бірінші рет Саммит Қазақстаннан тыс жерде өтті. Бұл басқосу кезінде Кеңестің тарихында тұңғыш рет жоғары деңгейдегі төрағалық ауысып, Қазақстаннан Түркия Республикасына берілді. Оған 9 мемлекет және үкімет басшысы, 6 вице-президент, парламент спикерлері мен вице-премьерлер, 14 министр және арнаулы елшілер қатысты. Халықаралық 16 ұйымның басшылығы таныстырылды. Басқосуға ерекшелік берген жайт – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіні болды. Еуропалық іргелі ұйымның қолдауымен 2010 жылы 7 маусымда Ыстамбұл қаласында «Экономика және қауіпсіздік саласындағы ХХІ ғасырдағы ынтымақтастық» арнайы шарасы өткізілді.

АӨСШК-нің 20 жылдыққа арналған мерейтойлық отырысы мен форумның сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуі 2012 жылғы қыркүйекте Астанада өтті. Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев  АӨСШК-нің маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті. Президент АӨСШК-нің арқасында түрлі мәдениеттер мен өркениеттер және даму үлгілері үшін паназиаттық диалог орнатудың сәті түскенін айтты.  

АӨСШК-нің 2014 жылы мамырда өткен ІV Шанхай саммиті бұл үдеріс эволюциясындағы ерекше басқосу болып шықты: өткізілген кездесулердің басты қорытындысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен АӨСШК арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Сондай-ақ, негізгі құжат – Төртінші саммит декларациясы қабылданды. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары Бангладеш пен Катарды Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің жаңа мүшелері ретінде ықыласпен қарсы алды.  

Осылайша, жиырма жылдан астам уақыт ішінде АӨСШК өңірлік қауіпсіздік архитектурасын нығайту ісіндегі атқарған сындарлы рөлі арқасында өзінің қажеттілігі мен өміршеңдігін дәлелдеді.  


 
Ұлттық жобалар