Астана экономикалық форумы

 

Астана экономикалық форумы - жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңы.

Өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады.

Бүгінде  бұл қауымдастық әлемнің 120 елінің ғалымдары мен практиктерін, әлем ойшылдарын, саясаткерлерді, халықаралық ұйымдарды, ғылыми-зерттеу орталықтары басшыларын және іскерлік орта өкілдерін біріктіреді.

Бірінші рет 2008 жылы өткен Форум дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту  мәселелерін талқылауға арналған ықпалды халықаралық алаңдардың бірі мәртебесін иеленіп үлгерді.   

Өткен уақыт аралығында Форумға 150 елден 43 мыңнан астам делегат қатысты. Жалпы көлемі 17,8 млрд. доллардан астам қаражат болатын 280 меморандум мен келісімге қол қойылды, Еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының  Астаналық клубы құрылды. 

Астана экономикалық форумының зияткерлік және ғылым базасы G-Global  (www.group-global.org) ақпараттық-коммуникативтік платформасы болып саналады, соның аясында әлемдік экономиканың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдар әзірленеді.  

Астана экономикалық форумының ұсынымдары 2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Пленарлық сессиясында таныстырылды және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының Президенті Ан-Насер мырзаның  және  G20-дағы  Мексика төрағалығы тарапынан жоғары пікірлерге ие болды.

Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен бірлесіп бастамашылық еткен және БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен  өткен I Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2013 жылғы VI Астана экономикалық форумының аса маңызды іс-шарасына айналды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы және БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы Жоспар Жобасының негізгі бағыттары қабылданды.

ІI Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2014 жылы VIІ Астана экономикалық форумы аясында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы, экономика министрлері мен орталық банктері басшыларының деңгейінде өтті. Оның қорытындысы бойынша БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы Жоспар Тұжырымдамасы қабылданды.

«Инфрақұрылым: экономиканың орнықты өсімінің драйвері» тақырыбына арналған сегізінші Астана экономикалық форумының жұмысы 2015 жылғы 22 мамырда аяқталды. Оған 3 мыңнан астам делегат қатысты. Форум барысында Қазақстан Президентінің Бес халықтық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары жоғары баға алды.  


 
Ұлттық жобалар