Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

16 мамыр 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, елдің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын депутаттардың қарауына ұсынды.

big-01.jpg

big-02.jpg

Парламент қарауына мемлекеттің саяси жүйесін түпкілікті өзгертуі тиіс байыпты конституциялық түзетулер ұсынылды.


- Мен Конституцияға өзгерістер енгізуде басқару жүйесі президенттік республика ретінде сақталып, бірақ Парламент өкілеттігін мейлінше кеңейту бағытындағы жолмен жүруді ұсынамын. Бұл бізді президенттік республикадан президенттік-парламенттік моделге көшіретін болады, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.


Әңгіме Парламент рөлін күшейту, депутаттық корпустың санын көбейту, парламенттік көпшілік қағидаты бойынша Үкіметті жасақтаудың жаңа тәртібі, төменгі палата – Мәжіліс депутаттарын пропорционалдық жүйе бойынша сайлауын енгізу, Сенат депутаты мандаттарын департизациялау және басқа да саяси жаңашылдықтар жөнінде болып отыр.


Мемлекет басшысы Мәжіліс санын 107 депутатқа дейін көбейтуді ұсынды, яғни 98 депутат пропорционалдық жүйе бойынша сайланады, ал 9 депутатты Қазақстан халықтары ассамблеясы ұсынбақ. Сондай-ақ, Сенат санын президенттік квотаны ұлғайту есебінен арттыру ұсынылып, ол 7-ден 15 депутатқа дейін көбейеді. Олардың бірқатары Қазақстан халықтары ассамблеясымен тиісті кеңесуден кейін тағайындалатын болады.


- Бұл ірі этностар мүдделерін ескеру үшін қажет және қоғамның одан әрі топтасуына қызмет ететін болады. Осыған орай, Парламент депутаттарының саны 38 адамға өсіп, 154 депутатты құрамақ. Бұл біздің 15 миллиондық халқымыз үшін қалыпты пропорция, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


Ұсынылған заң жобасына сәйкес, Үкіметті жасақтаудың жаңа тәртібі бойынша Премьер-Министрді Президент саяси партиялар фракцияларымен кеңескеннен кейін және Парламент депутаттары көпшілігінің келісімінен соң тағайындайтын болады.


- Үкіметті жасақтау және оның функциясының жаңа тәртібін құрудың басты салмақ парламенттің негізінде болатынын атап көрсеткім келеді. Енді Премьер-Министрді, яғни барша Үкіметті бекітудегі басты рөлді Парламент атқаратын болады.


Мұндай қадамды іске асыру біріншіден, Үкіметті жасақтаудағы саяси партияның рөлін арттырады. Екіншіден, өз кезегінде, парламенттік көпшілікті құрайтын партия Үкіметті жасақтауда оның одан кейінгі іс-қимылына жауапты болады, ал ол Үкімет жеңіске жеткен партияның немесе коалицияның бағдарламасын жүзеге асыруға тиіс, - деп атап көрсетті Президент.


Мемлекет басшысы сайлау жүйесіне қатысты, Мәжіліс депутаттарын пропорционалды сайлау жүйесіне көшу айқындылықты қамтамасыз етіп, елдің өзіндік ерекшеліктерін ескеретін болады деп атап өтті.


- Қазақстанда сайлаудың жаңа формасының енгізілуі саяси күштердің нақты орнығуы мен халықтың шын мәніндегі ерік-жігерін қамтамасыз ете отырып, саяси партиялардың еліміздің саяси жүйесінде өз рөлін күшейтуге қосымша мүмкіндіктер ұсынуға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға конституциялық тыйым салудан бас тартуды және саяси партиялар қызметін ішінара республикалық бюджеттен қаржыландырудың іс жүзіндегі тетіктерін әзірлеуді ұсынды.


Сондай-ақ Президент 2012 жылдан кейін президенттік басқару мерзімін 7 жылдан 5 жылға дейін азайтып, облыс әкімдері тиісті мәслихаттар келісімімен тағайындалу қажет деп санайды. Сот-құқықтық реформа аясында қамауға алу шараларында соттың санкциясымен жүргізу жүйесі енгізілмек. Сонымен қатар Қазақстанда өлім жазасына толықтай тыйым салу жөнінде мәлім етілді.


- Конституциялық деңгейде адамдардың өліміне әкеп соқтырған лаңкестік әрекеттері және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ғана өлім жазасын қолдану жолдарын бекіте отырып, Қазақстан соған сәйкес, өлім жазасы толықтай қолданылмайтын елге айналады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конститутцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жаңа бастамаларды ұсына отырып, Президент:


- Конституциялық өзгерістер – Қазақстанның қуатты, бәсекеге қабілетті және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы жолындағы маңызды кезеңге айналмақ. Парламент саяси реформаларды заңнамалық жағынан қамтамасыз ету жолында белсенділікпен жұмыс істейді деген үміттемін, - деп атап өтті.


Елбасының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар