Жаңалықтар

15 қараша 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада болып өткен Қазақстан қаржыгерлерінің VI конгресінің жұмысына қатысты

16.jpg

17.jpg

18.jpg

- Біздің қаржы секторымыз – жекеменшік сектор мен мемлекеттің бірлескен күш-жігері арқасында құрылған біздің мақтанышымыз бен бәсекелесе алатын артықшылығымыз. Осындай сындарлы ынтымақтастық экономиканың басқа да салаларында да қамтамасыз етілуге тиіс деп ойлаймын. Біздің ауыл шаруашылығымыз, қайта өңдеу өнеркәсібіміз халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істеуге ұмтылуға және өңірлік әрі әлемдік рыноктарда бәсекеге қабілетті бола білуге тиіс. Осыған байланысты өнеркәсіптегі, құрылыстағы және экономиканың басқа да салаларындағы қауымдастықтар үшін осы жылдар ішінде өз жұмысының тиімділігін көрсете білген Қаржыгерлер қауымдастығы жұмысының тәжірибесі мен әдістері аса маңызды болып табылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев Конгресте сөйлеген сөзінде.

 
Президент еліміздің қаржы секторын дамытуда қол жеткізілген табыстарды атап көрсетті. Банк жүйесінің жиынтық жеке қаржысы 2003 жылдан бері 5,6 есе өсіп, қазіргі кезде жеті миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Осы кезең ішінде банктердің активтері 5,7 еседен астам ұлғайып, 51,7 миллиард АҚШ долларын құрады. Екінші деңгейдегі банктер активтерінің ішкі жалпы өнімге қатынасының көрсеткіші 75,4 пайызды құрайды, бұл Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне сәйкес келеді. Қаржы рыногының басқа көрсеткіштері бойынша да Қазақстан осы елдердің деңгейіне жақындап келеді. Қаржы ұйымдары халықаралық қаржы есептілігі стандарттарына көшірілді. Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық ұйымының ұсыныстарын ескере отырып, екінші деңгейдегі банктерге салынған депозиттерді міндетті кепілдендіру туралы заңнама жетілдірілді. Ипотекалық кредиттерді кепілдендіру қоры мен алғашқы кредиттік бюро құрылды.

Несиелендірудің үш деңгейлі жүйесі дамып келеді. Қор рыногының, оның ішінде ішкі институционалдық инвесторларды дамыту және инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейту, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, корпоративтік басқаруды жақсартуға арналған ынталандыруды көтеру жөніндегі құқықтық негіздері жетілдіріліп отыр. Инвестициялық үлестік қорлар құрылып, «Секьюритилендіру туралы» Заң қабылданды.

 
Еуропалық одақтың стандарттарын енгізе отырып және бақылаудың халықаралық стандарттарын одан әрі енгізу үшін қаржы ұйымдарының қызметін, тәуекелдерді басқару, топтасқан бақылау жүйесін заңи реттеу бөлігінде нормативтік-құқықтық кесімдер қабылданды.

 
Зейнетақы секторында зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қаржылық құралдар тізбесін кеңейтуге, зейнетақы активтерінің табыстылық деңгейін қамтамасыз етуге, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жүргізілді. Бүгінгі күні зейнетақы жинақтау қорларының көлемі 6,5 миллиард АҚШ долларына жетті.

 
Сақтандыру рыногы даму үстінде. Сақтандыру рыногының заңнамалық базасы Халықаралық сақтандырушылық бақылауы қауымдастығының қағидаттары мен стандарттарына сәйкес келеді. Алматыда қаржы орталығы құрылды.

 
Мемлекет басшысы елдің қаржы секторының алдына бірқатар жаңа міндеттер қойды және Үкімет пен қаржы органдарына Болашаққа арналған қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

 
- Біздің міндетіміз – республиканың қаржы секторының бәсекеге қабілеттілік деңгейін алдыңғы қатарлы әлемдік қаржы жүйелерімен салыстыратындай деңгейге жеткізу. Еліміздің дербес несиелік рейтингін мақсатты түрде арттыратын мезгіл жетті, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар