Жаңалықтар

12 қыркүйек 2008
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев жұмыс сапарымен Семей қаласында болды.

Мемлекеттік хатшы Семейде Өңірлік онкологиялық диспансердің, қарттар мен мүгедектерге арналған Медициналық-әлеуметтік мекеменің, «Жұлдыз-Ардақ» балалар бақшасының және облыстық бейнелеу өнері мұражайының жұмысымен, сондай-ақ 1200 орындық инновациялық көпсалалы жалпыға білім беретін орта мектеп құрылысының барысымен танысты.


Қ.Саудабаев Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішінің ашылуына және оның 150 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.


Тәуелсіздік жылдарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүріміз қайта түлеп, ескерткіштер ашылуда, еліміздің айтулы тұлғаларының есімдері қайта жаңғыруда. Аса көрнекті ақын, ойшыл, гуманист және ағартушы Шәкәрімнің есімі бұл ретте ең алдыңғы қатарда аталады.


Мемлекет Басшысының тұрақты қамқорлығының және бір айқын айғағы Қ. Саудабаев оқып берген оның осы тойға орай жолдаған арнайы құттықтау хаты болды. Онда былай делінген:

« Ұлы Абайдың классикалық поэзиясының жалғастырушы дарынды тұлға Шәкәрім соңында қалған халқына орасан зор мұра қалдырып кетті. Бұл мұра бүгінде халықтың қазынасына айналып, жас ұрпақты гуманизм мен адамгершілік рухында тәрбиелеуге қызмет етуде. Ол – қазақ халқының мақтанышы».


Мемлекеттік хатшы жұмыс сапарын қорытындылай келе, Елбасының Семейді жедел дамыту жөніндегі тапсырмаларының тиімді іске асырылып жатқанын атап көрсетті. Мәселен, 2007 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің физикалық көлемінің индексі 118,7 %-ды құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 24,5%-ға өскен және жергілікті бюджеттің жеке табысы 28,2%-ға артып отыр.


Білім беру және денсаулық сақтау салаларының жаңа нысандары салынуда. Соңғы уақытта Семейдегі Восточный кентінде 750 орындық орта мектеп салынып, Шульбинск кентінде бала бақшаға ыңғайластырылып қайта жаңғыртылып жатқан 160 орындық бақшаның екіншігі кезегі аяқталды, үш балалар бақшасы ашылды. «100 мектеп және 100 аурухана құрылысы» жобасының аясында жоғарыда айтылған 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталуда. Өткен жылы өңірлік онкологиялық диспансер үшін жаңа корпус пайдалануға берілді, корпус онкологиялық ауруға диагностика жасауға қажетті қазіргі заманғы құралдар-жабдықтармен жарақтандырылған және стационарлық 70 төсек-орындық орналастырылған. Қазіргі уақытта онкологиялық диспансер ішінен салынатын радиологиялық орталық құрылысының жобасы жасалуда. Басқа да дәрігерлік қызмет көрсету нысандарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


– Семейде, бүкіл еліміздегідей, отандастарымыздың өмір сүру деңгейін жақсарту ісінде елеулі ілгерілеушіліктер байқалады. Ел басшылығы алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан еңсе тіктеуіне және оның серпінді дамуына жағдай туғызудың барлық мүмкіндіктерін жасауға күш салмақ. Президент Парламент сессиясының ашылуында әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамастан алдағы уақытта барлық әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар қалыпты әрі дәйекті түрде іске асырылады. Атап айтсақ, 2009 және 2010 жылдары зейнетақы, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен стипендия 25 пайызға, ал 2011 жылы 30 пайызға өсетін болады, - деп мәлімдеді Қ.Саудабаев жұмыс сапарының қорытындысында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар