Жаңалықтар

2 қыркүйек 2015
Мемлекет басшысы Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Орталық партия мектебінде дәріс оқыды

 

Нұрсұлтан Назарбаев қытай халқын милитаристік Жапонияға қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

Қытайдың Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесіне баға жетпейді. Қытай халқы көрсеткен төзімділік пен қайсарлық – қаһармандық пен ерліктің, батылдық пен патриотизмнің керемет үлгісі. ХХ ғасырдағы ең қанқұйлы соғысқа Қазақстанда да халықтың 25 пайызы жұмылдырылды. Олардың көпшілігі майдан шебінен оралмады. Солардың қатарында қытай жерінде жан тапсырғандары да бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті дәріс оқу үшін ҚКП Орталық партия мектебіне кездейсоқ таңдау жасамағанын атап көрсетті.

Мұндағы бүгінгі тыңдаушылар – Қытай компартиясының ертеңгі бағытын ұстанушылар. Сіздер – «қытай арманын» жүзеге асыру және ұлтты жаңғырту жолындағы алдыңғы лектің өкілісіздер. Өйткені «Қытай өрлеуі» деп аталған ХХІ ғасырдағы бірегей құбылысты біз бірінші кезекте бүкіл өңірдің дамуы үшін қажетті мүмкіндік ретінде қарастырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дәріс барысында екі мемлекеттің қарым-қатынастары сапалық тұрғыдан өсе түскені атап өтілді.

Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 337 миллион доллардан 22 миллиард долларға дейін өсті. Соңғы екі жылдың өзінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын екіжақты келісімшарттарға қол қойылды. Біз түрлі салаларда 250-ден аса үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерді бекіттік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арнайы тоқталып, оны жүзге асыру үшін Ляньюньган портындағы логистикалық терминалды пайдалану, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік жолының құрылысы, «Қорғас» халықаралық орталығын іске қосу сияқты қадамдар жасалғанын айтты.

Еуропалық одақ пен Азия-Тынық мұхиты өңірі елдері арасында жыл сайын 6 миллион контейнер жүреді. Осы жүк ағынының негізгі бөлігі – 98 пайызы шетелдік порттар арқылы теңіз флотымен тасымалданады. Бұл ретте Қазақстан арқылы өтетін құрлықтық транзиттік бағыт теңіз жолынан әлдеқайда қысқа. Енді тауарды екі апта ішінде жеткізуге болады. Осы стратегиялық басымдық – Астана мен Бейжің арасында трансұлттық транзит-көлік альянсын құру үшін негізгі шарт, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол»  бастамасының өзара толықтырушы сипатын да атап өтті.

Біз 2014 жылдың желтоқсанынан бері индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Атап айтсақ, жалпы құны 30 миллиард доллардан асатын 48 инвестициялық жоба іріктеліп алынып, Қазақстан мен Қытай арасында индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде елдеріміздің көптеген халықаралық мәселелер бойынша ұстанымы ортақ екеніне назар аудара отырып, Ядролық қарусыз аймақ туралы шартқа қатысушы Орталық Азиядағы мемлекеттерге сөзсіз негативті кепілдік бергені үшін Қытайға алғыс айтты.

***

Қазақстан Президенті сондай-ақ Орталық партия мектебі басшылығымен әңгімелесіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар