Жаңалықтар

18 қыркүйек 2016
Қазақстан Президенті Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған салтанатты концертке қатысты
Алматы қаласы

Іс-шараға 7 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонақтар қатысты. Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде барша қазақстандықтарды Алматының мыңжылдық мерекесімен құттықтап, осы оқиғаның тарихи мәнін атап өтті.

– Бұл дата ЮНЕСКО-ның Адамзаттың атаулы және мерекелік күнтізбесіне енген. Аталған шешім Алматының өңірлік және жаһандық дамудағы бірегей рөлінің айрықша екенін көрсетеді. Алатау бөктеріндегі қастерлі өлке өз тарихында көп нәрсені басынан өткерді. Бұл жерден алып Еуразияның Шығысы мен Батысын, Солтүстігі мен Оңтүстігін жалғаған алғашқы сауда жолы және жалпыадамзаттық магистраль – Ұлы Жібек жолы өткен. Бес жүз елу жыл бұрын Жетісу Қазақ хандығының бесігі болды. Бұл жерде бүкіл Орталық Азия аймағының урбанистік мәдениетінің басты ошағының бірі пайда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ХХ ғасырдың оқиғаларындағы Алматының айрықша рөліне назар аударды.

– Қала 1929 жылы Қазақстанның астанасы атанып, кейіннен миллиондаған тұрғыны бар мегаполиске айналды. Алматыға егемен Қазақстанның алғашқы астанасы болу мәртебесі бұйырды. Сондықтан біз бүкіл халық болып қаланың мыңжылдығын Отанымыз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде мерекелеудеміз. 1995 жылы жалпы халықтық референдумда республика Конституциясы қабылданды. Осы қалада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға қол қойылды. Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы шаһарда жаңа елорда – Астана туралы тарихи қаулы қабылданды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері әрқашан мемлекеттің басты назарында екенін атап өтті.

– Былтыр қаланың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданды. Ол тұрғындардың өмірін, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, бизнес үшін қолайлы жағдайлар туғызу жөніндегі нақты шараларды қамтиды. Қазіргі Алматы – Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі. Соңғы 5 жылдың өзінде қала аумағы 2 есе өсті. Тұрғындардың жалпы саны – бір миллион жеті жүз адам. Алматы метрополитенінде қазірдің өзінде 30 миллионнан астам жолаушы тасымалданды. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің бір бөлігі болмақ. «Инновациялық технологиялар саябағы» арнайы экономикалық аймағы құрылып дамытылуда, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті республикадағы барлық кәсіпкерлік сектордағы өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызметтің төрттен бірін қамтитын шағын және орта бизнес субъектілерінің маңызды рөлін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Универсиадаға дайындық халықтың жұмыспен көбірек қамтылуына, қаланың туристік саласының дамуына жаңа серпін бергеніне назар аударды.

– Оның бірегей нысандарының құрылысына 107 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның арқасында мың жарым шағын және орта бизнес субъектілері жұмыспен қамтылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қысқы Универсиадаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Алматының туристік кластерін дамыту арқылы қаланың 90 мың тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етіледі, – деді Елбасы.

Соңында Қазақстан Президенті барша қазақстандықтарды өздері жақсы көретін әсем де теңдессіз қаласының мыңжылдығымен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу