Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

31 мамыр 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды
Ақтөбе қаласы

Сапар аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобасының Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларында болды.

Іс-шараларға, сондай-ақ облыс әкімі Б.Сапарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, отандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми зиялы қауым, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен депортацияланғандардың ұрпақтары қатысты.

1932-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда 2 миллионға жуық адам қаза болып, 600 мыңнан астам қазақ елден босып кетті, 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңға жуығы өлім жазасына кесілді.

Баурайында қуғын-сүргінге ұшырағандар жерленген Түйетөбе қыратындағы митингті ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Әрбір халық  тарихтан өзінше тағылым алады» деген сөзін атап өтті.

– Біздің халық тоталитарлық режімнің бүкіл сұмдығын өз басынан өткерді. Тарихтың бұл қасіретті кезеңдері жұрт жадында әрдайым сақталады, – деді Мемлекеттік хатшы.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде сөйлеген Гүлшара Әбдіқалықова зұлмат жылдарда республика басшылығында болғандардың бәрі дерлік, яғни 650 адам атылып, 2 миллионға жуық адам ГУЛАГ-тың 11 лагеріне қамалғаны жөнінде айтты.

Одан соң Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Рухани жаңғыру жолындағы тарих тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде тарихи жадыны сақтау бағытында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, ақталған азаматтарға көмек көрсету шараларына қатысты Президент жарлығы, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданғаны, Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды жүйелі іздестіру және  зерттеу бағдарламасы іске асырылып, 340 мыңнан астам азаматтың ақталғаны, 14 «Боздақтар» кітабы басылғаны, «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы, «Мемориал» халықаралық қоғамы және басқа да қоғамдық ұйымдардың белсенді жұмыс істеп жатқаны және бүкіл ел бойынша 66 ескерткіш орнатылғаны жөнінде айтты.

Бұл күндері Қазақстанның барлық өңірінде 4 мыңға жуық еске алу іс-шарасы өткізілетін болады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар