Жаңалықтар

8 шілде 2015
Ақордада Қазақстан Президенті мен Үндістан Премьер-министрі келіссөздерінің қорытындысына арналған бірлескен брифинг өтті

 

Қазақстан Президенті елімізге Үндістан Премьер-министрінің тұңғыш сапары  өзара түсіністік пен достық рухында өтіп жатқанына назар аударды.


Келіссөздер барысында біз кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Белсенді саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі байланыстарды өрбітуге, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды жан-жақты жандандыруға уағдаластық. Үндістанмен стратегиялық серіктестікті дамыту – біздің сыртқы саясатымыздың Азия векторындағы басым бағытының бірі, – деді Мемлекет басшысы.


Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге қажетті әлеует зор екенін атап өтті.


Сауда-экономикалық өлшем екіжақты қарым-қатынастардың локомотиві саналады. Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,3 миллиард долларға жетіп, 2013 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайды. Біз ақпараттық технологиялар, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы және фармацевтика салаларындағы бірлескен жұмыста елеулі тәжірибе жинадық, – деді Қазақстан Президенті.


Мемлекет басшысы 2005 жылдан 2014 жылдың бірінші жартысына дейін Үндістаннан тартылған тікелей инвестиция көлемі 200 миллион доллардан асқанын айтты. Бүгінде біздің елімізде Қазақстан мен Үндістанның 492 бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді.

Қазақстан Президенті жүргізілген келіссөздер қорытындысы елдеріміздің қарым-қатынасының келешегі зор екенін көрсеткеніне тоқталды.


Көптеген маңызды мәселелер бойынша ұстанымдар ұқсастығы, тұрақты әрі тығыз байланыстар, бір-бірін толықтыратын экономикалар, екі елдің зор транзиттік-көліктік әлеуеті осыны айғақтайды. Сондай-ақ сапар аясында өткен бизнес-форум екіжақты ынтымақтастықты арттыруға қосымша негіз қалайды, – деді Мемлекет басшысы.


Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде мұнай-газ, металлургия, тау-кен өндірісі, инфрақұрылым, банк, азық-түлік және электр энергетикасы салаларындағы ынтымақтастықтың жайы әңгіме болғанын айтты.


«Сәтбаев» мұнай блогында барлау мақсатындағы бұрғылаудың басталуы мен 2015 – 2019 жылдары Үндістанға 5 мың тонна уран жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қою – энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жүйелі дамуының дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан әлемдегі және өз өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту, саяси және экономикалық жаңғырту ісінде маңызды рөл атқаратынына назар аударды.


Біздің елдеріміз – көптеген интеграциялық үдерістердің көшбасшылары. Біз Үндістанның Қытаймен және Пәкістанмен қарым-қатынасын дамытып жатқанын көріп отырмыз. Мұның бәрі біздің өңірге қатысты, демек біздің саудамыз үшін маңызды мәні бар. Нью-Дели біздің өңірдегі елдердің арасындағы байланыстың нығаюына ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ Қазақстан Президенті екі елдің өзара іс-қимылы үшін маңызы зор  өңірлік және халықаралық ұйымдарды атап өтті, олардың қатарында АӨСШК, ШЫҰ және БҰҰ бар, аталған ұйымдар аясында екі ел де бірдей көзқарастар ұстанады.


Қазақстан мен Үндістан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлау кезінде бір-біріне өзара қолдау көрсетеді. Астана Нью-Делидің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелігіне ұмтылысын да қолдайды. Біздің БҰҰ-ны реформалау мәселесі жөніндегі көзқарастарымыз да үйлесім тапты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне  Үндістан компанияларының белсене атсалысуын Қазақстанның қоштайтынын айтты.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты өзара ықпалдастықтың мәдени бағытын мазмұндырақ ете түсу, Қазақстан мен Үндістан халықтарының достығын нығайту ортақ міндет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары арасында тарих және этнография саласы бойынша, сондай-ақ мұрағат және кітапхана қорларына қолжетімділік жөнінде ақпараттық материалдар мен құжаттар көшірмелерін алмасу жұмысы жалғасатынын атап өтті.  

Қазақстан Президенті елімізге тұңғыш ресми сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Үндістан Премьер-министріне тағы да ризашылық білдірді.


Біз бұл оқиғаны ынтымақтастығымызды арттыру және ілгерілету, достығымызды нығайту ісіндегі маңызды белес ретінде қарастырамыз. Қазақстан осы игі үрдісті, барлық деңгейде жиі сапарлар алмасуды жалғастыруға әзір. Елдеріміз ынтымақтастық пен өзара түсіністікке ықыласты, – деді Мемлекет басшысы.


Үндістан Премьер-министрі өз елінің Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын айтып, соның аясында тығыз сауда-экономикалық өзара ықпалдастыққа және екіжақты берік байланыстар орнатуға қол жеткізілгенін атап өтті.


Біздің көп мүддеміз ортақ, экономикалық және саяси даму бағыттарымыз ұқсас. Көптеген халықаралық мәселелер, соның ішінде өңірлік қауіпсіздік, коммуникация мен интеграция, сондай-ақ БҰҰ-ға реформа жүргізу мәселелері жөнінде елдеріміздің ұстанымы үндеседі. Қазақстан –  Үндістанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі. Қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытудың әлеуеті зор. Біз экономикалық байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеру үшін барлық күш-жігерді жұмсауға ниеттіміз, – деді Үндістан Премьер-министрі.


Н.Моди Үндістанның инвестицияны арттыру жөніндегі ұсынысына Қазақстанның оң ықылас танытып отырғанына қанағаттанғанын жеткізді.


Екі бағытқа – өңдеу өнеркәсібіне және инфрақұрылым саласына  инвестиция салуды басымдығы бар бағытымыз деп білеміз. Бизнесте өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға шақырамын. Біздің Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдерінің қатысуымен бірлескен бизнес-форум өткізе отырып, ынтымақтастығымыздың жаңа жол картасын жасай аламыз деп үміттенеміз, – деді Н.Моди.


Үндістан Премьер-министрі өз елінің ғарыш және ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайту, оның нәтижелерін басқару және даму саласына қолдану жөнінде ниеті барын айтты. Ол көлік секторында да өзара іс-қимылдың қажеттігіне тоқталды.


«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі, сондай-ақ Иран, Түрікменстан және Қазақстан арасындағы теміржол байланысы, Үндістанның Сауда және транзит жөніндегі Ашхабад шартына қосылуға мүдделілігі бұл байланысты нығайтады, – деді Үндістан Премьер-министрі.


Н.Моди Үндістан Қазақстанның 6 университетімен арада жастар алмасуды көздейтін жаңа бағдарламаны іске қосып жатқанын, ол алдағы 6 жылда қызу жүргізілетінін айтты.

***

Н.Модидің Қазақстанға ресми сапары аясында екі мемлекеттің басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, төмендегі құжаттарға қол қойды:

– «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен Үндістан қатынас жолдары министрлігі арасындағы техникалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

– «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ мен Үндістан атом энергиясы департаменті арасындағы табиғи уран концентраттарын сатып алу және сату келісімшарты;

–  Сотталған адамдарды беру туралы Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғаныстық және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Үндістан Республикасы Жастар ісі және спорт министрлігі арасындағы Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар